Ардақты ұстаздар мен білім беру саласының ардагерлері, сіздерді төл мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұстаз – ұрпаққа тек білім нәрін сеуіп қана қоймай, әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, өмірлік бағдар беретін дара тұлға. Ал ұстаздық – орасан жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті, шексіз жанашырлықты талап ететін қасиетті мамандық. Жас кезімізде біз де И. Франко атындағы Житомир мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында білім алып, осы заңғар жолға түстік. Өз ісінің шеберлері – профессор-оқытушыларымыздың берген терең тәлімі мен өнегесі әлі күнге дейін жадымызда. Талай жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, адал еңбек ету арқылы біз ардақты ұстаздарымыздың үмітін ақтауға тырыстық. Бүгінгі жетістіктеріміз бен шәкірттеріміздің бағындырған биіктерінде сонау білім ордасындағы ұстаздарымыздың қолтаңбасы бар. Ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз! Әрбір шәкірттің жетістігі – сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жемісі.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейміз! Мәртебелеріңіз биік, еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын, аяулы ұстаздар!

|