15:44
Қимас құрбымыз Қымбаттың жарқын бейнесі мәңгі жадымызда

Бүгін, 2026 жылғы 29 қазанда, біздің аяулы құрбымыз, Иван Франко атындағы Житомир мемлекеттік педагогикалық институтының 1976 жылғы түлегі Әбенова Қымбат Ақпанбайқызы мәңгілік мекеніне аттанды. Қимас жаннан айырылу – жүрекке ауыр соққы. Әсіресе, жастық шағымыздың ең бір жарқын кезеңін бірге өткізген, бес жыл бойы бір институтта білім алып, бір жатақханада тұрып, қуанышымыз бен қызығымызды бөліскен достарымыздың қатары сиреп бара жатқаны жанымызды жабырқатады. Кеше ғана бірге жүргендей көрінетін сол бір студенттік жылдар бүгінде сағынышқа толы естелікке айналды. Қымбат біздің жадымызда студенттік шақтағы адал дос, ақкөңіл құрбы, айналасына сыйлы, адамгершілігі мол жан ретінде сақталады. Ол достықты бағалай білетін, жанындағы адамдарға құрметпен қарайтын, қиын сәтте қолдау көрсетуге дайын, қарым-қатынаста шынайылықты жоғары қоятын жан еді. Бірге өткізген күндеріміздегі әңгімелеріміз, ортақ қуаныштарымыз бен естен кетпес сәттеріміз енді біз үшін ұмытылмас естелік болып қалды. Арада қанша жыл өтсе де, жастық шағымызды жалғаған сол бір достықтың орны бөлек.
Қымбаттың өмір жолы да өзіндік өрнегімен ерекшеленді. Еңбек жолын мектептен бастаған ол кейін құқық қорғау саласына ауысып, ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқарды.
1979 жылдан 1995 жылдың соңына дейін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор болып қызмет етті. 1995 жылғы 14 шілдеде Криминалдық істерді тергеу басқармасына қарасты Мемлекеттік тергеу комитетінің бас маманы қызметіне тағайындалды. 1997 жылғы 14 шілдеден бастап Петропавл қаласы прокуратурасының құқықтық статистика бөлімінде прокурордың аға көмекшісі болып еңбек етті. Сол жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Статистика және арнайы есепке алу департаментіне қызметке ауысты.
Ол құқық қорғау саласында табандылық пен жауапкершілікті талап ететін қызметтерді абыроймен атқарып, 2009 жылғы 19 қазанда әділеттің аға кеңесшісі, полковник шенінде құрметті еңбек демалысына шықты.
Адам өмірінің ұзақтығы жылдармен өлшенгенімен, оның артында қалдырған ізі, жақындарының жүрегіне ұялатқан жылуы мен достарының жадындағы бейнесі әлдеқайда мағыналы. Қымбаттың да жарқын бейнесі, бірге өткізген жастық шағымыздың естеліктері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Қымбат құрбымыз 73 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның өмірден өтуі жақындары үшін ғана емес, талай жыл бойы аралас-құралас болып, бір-біріне бауыр басқан біз үшін де орны толмас қаза.
Қымбат, қимас құрбымыз! Сенің орның ортамызда әрдайым бөлек еді. Енді сен туралы естеліктерді сағынышпен айтып, бірге өткізген күндерімізді еске алатын боламыз. Жарқын бейнең жүрегімізде сақталып, достығымыздың тарихында мәңгі қалады.
Отбасыңа, туған-туыстарыңа және жақындарыңа қайғырып көңіл айтамыз.
Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын! Жатқан жерің жарық, иманың жолдас болсын! Алла рақымына бөлеп, алдынан жарылқасын!

Қарлығаш Түгелбаева,
1976 жылғы түлек


 

Просмотров: 21 | Добавил: Admin | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: